Қымбатшылықты сарапшылар демалыс маусымымен байланыстырады. Олар жазда билетке сұраныс артып, әуе компаниялары еселеп пайда табуды көздейді деген пікірде.
Демалыс маусымы басталғалы отандық туристік агенттіктердің телефонына тыным жоқ. Себебі, шетел асатын отандастарымыз көп. Алайда билеттің бағасы тым жоғары.
«Біз билет бағасының 10, 20 пайызға емес, бірден бес есе қымбаттағанын байқадық. Әуе компаниялары сұраныс артқанын көріп отыр. Сондықтан билет құнын шарықтатып жіберді. Оларды бақылайтын орган жоқ па түсінбедім. Бір өкініштісі, бағаны ауыздықтауға ешкім тырысып жатқан жоқ», — дейді Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті Инна Рей
Статистикаға сүйенсек, соңғы бес айда елдегі әуе компаниялары 3 миллионнан астам жолаушы тасымалдапты. Соның тең жартысы сыртқы рейстер.