Осымен екінші рет ұйымдастырылған біріншілікке 15 командадан 156 спортшы қатысты.
«Біріншілікке өз аймағында 1-3-орын алған садақшылар ғана келді. Бұл талап сапаны арттыру мақсатында қойылып отыр. Әлемдік додаларда Қазақстан намысын абыроймен қорғайтын мықтылардың мықтысын осы күндері Шамалғанда анықтадық», — деді Қазақстан дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметов.
Біріншілік жастар және ересектер арасында пута, Орта Азиялық, қалқан және жамбы санаттарында өтті.
Жарыс нәтижесінде ең көп жүлде еншілеген Астана қаласының құрамасы жалпыкомандалық есепте үздік шықты. Екінші орында Ақмола облысы, үшінші сатыда Қостанай облысы.
Ал Алматы облысы ең күрделі кезең – командалық бәсекеде қарсылас шақ келтірмеді. Ақтық сында аға жаттықтырушы Ахмет Мұғаловтың шәкірттері Абай облысының мергендерінен басым түсті.
Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 3000 адам дәстүрлі садақ атумен айналысады.