«Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидаларына» өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Оған сәйкес, азаматтардың жекелеген санаттары үшін еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу кезінде жатақханада тұру шығыстары үшін өтемақы төлеу көзделген.
Жатақханаларда тұру шығыстары үшін өтемақы сомасы жылына 29 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Биыл барлығы 7 145 адам өтемақы алады.
Олардың ішінде 4 651 жетімдер және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттер. 2 494 мүгедектігі бар, бала кезінен мүгедек адамдар, мүгедектігі бар балалар бар.
Өтемақы осы жылдың қыркүйегінен бастап беріледі.