Сапар аясында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзекті мәселелері мен негізгі бағыттары талқыланды.
Министр сапарын Жамбыл ауданындағы «Олжас» шаруа қожалығынан бастады. Жалпы ауданы 2600 гектар болатын шаруашылықтың 1500 гектары – суармалы алқап. Алайда су тапшылығы салдарынан бүгінде тек 600 гектары өңделуде. Қожалықта арпа, бидай, жүгері және жоңышқа өсіріледі. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1 млрд теңгені құрайды.
«Су тапшылығы – басты мәселе. Бұл жағдай егіс көлемін ұлғайту мен өнімділікті арттыруға кедергі келтіруде. Біз Ауыл шаруашылығы және Су ресурстары министрліктерінен бұл мәселені бірлесіп шешуді күтеміз», – деді шаруашылық басшысы Хамза Бабалықов.
Министрдің айтуынша, биылғы көктемгі дала жұмыстары елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен болашақ өнім көлеміне тікелей әсер етеді. 2025 жылы егістік көлемі 23,7 млн гектарға жетіп, былтырғыдан 413 мың гектарға артады. Алматы облысы бойынша 436,8 мың гектар жерге егін егу жоспарланған.
Мемлекеттік қолдау көлемі де ұлғаюда. Агросаланы жеңілдікпен несиелеу көлемі 2025 жылы 700 млрд теңгеге жетпек. Қазіргі таңда 491,5 млрд теңгеге 7 мыңнан астам өтінім түсіп, 440 млрд теңге қаржыландырылған. Алматы облысы бойынша 302 өтінім беріліп, 174-і мақұлданды.
Облыста ауыл шаруашылығы техникасының 60%-ы ескірген. 2025 жылы техника алуға бөлінетін қаржы 200 млрд теңгеге дейін өседі. «ҚазАгроҚаржы» арқылы шаруалар жылдық 6% мөлшерлемемен 10 жылға техника ала алады.
Жаңа өзгерістердің бірі – жеңілдетілген көктемгі-күзгі несие енді мал шаруашылығына да қолжетімді. Алғашқы кезеңде бордақылау алаңдары мен құс фабрикаларын қолдауға 50 млрд теңге бөлінеді.
Аграршылармен өткен кездесуде қаржыландыру, ресурс жетіспеушілігі және «Кең дала 2» бағдарламасының оңтүстік өңірлерге бейімделмеуі сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Министр бір ай ішінде бағдарламаны қайта қарап, өңір ерекшеліктерін ескеруді тапсырды.
Министрдің бұл сапары ауыл шаруашылығын дамытуда мемлекет пен шаруалардың өзара ынтымақтастығының маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті. Осындай кездесулер нақты проблемаларды тыңдап, нақты шешім қабылдауға негіз болатыны анық.