Алатау қаласының әкімі Аркен Өтенов Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сөйлеген сөзінде, қаланың әкімшілік-аумақтық құрылымында 12 шағын аудан бар екенін атап өтті. Қазіргі таңда қала аумағында жалпы саны 366 көше орналасқан.
Бүгінде жаңа құрылыстар салынған аумақтарда атаусыз қалған 24 көше бар. Атап айтқанда, Жанаталап шағын ауданында – 8 көше, Ынтымақ шағын ауданында – 15 көше, ал Жаңадауырда – 1 көше, — деп мәлімдеді қала әкімі.
Сонымен қатар, уақыт өте келе мағынасын жоғалтқан және идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атаулары да бар.
«Осыған байланысты облыстық ономастика басқармасына 26 көшенің атауын өзгерту жөнінде ұсыныс жолданды. Жоспарға сәйкес, биылдан бастап бұл мәселе кезең-кезеңімен қарастырылатын болады», — деді әкім.
Айта кетейік, Алатау қаласының 2025 жылға арналған бюджеті 4,4 млрд теңге көлемінде бекітілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың басында Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгерістер енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Соның нәтижесінде, Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала мәртебесін алып, Алатау атауын иеленді.
Қала әкімдігі жаңа шаһарды дамытуға байланысты нақты жоспарларын ұсынды. Ал 2024 жылдың мамыр айында жаңадан құрылған Алатау қаласының әкімі болып Аркен Өтенов тағайындалды.