Құрылыс алаңында бұрғылау жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамасыз, мемлекеттік сараптамадан өтпей, тиісті уәкілетті органдарға ресми хабарламасыз жүргізілген. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс жұмыстарын дереу тоқтатып, тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
«Фактілер жүйелі әрекетті қажет етеді. Барлық жұмыстар тек заң аясында, қауіпсіздік пен экология талаптарын сақтай отырып жүргізілуі тиіс», – деді облыс басшысы.
Тексеру нәтижесінде мердігер ұйымның заңда белгіленген тәртіпті бұза отырып бұрғылау жұмыстарына кіріскені, авторлық және техникалық қадағалаудың болмағаны, сондай-ақ ұңғымада су өздігінен атқылап, оның ауызы ішінара опырылғаны анықталды. Ең алаңдатарлығы апат салдарын жоюға арналған жоспардың мүлде болмауы.
Осыған байланысты облыс әкімі барлық заңбұзушылықтар толық жойылып, қажетті рұқсат құжаттары алынғанға дейін құрылыс жұмыстарын тоқтата тұруды тапсырды. Сонымен қатар Алатау қаласы әкімдігіне тиісті мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, апат салдарын жою бойынша нақты жоспар жасап, оны қысқа мерзім ішінде жүзеге асыру міндеттелді.
Ұңғымадағы су ағуын тоқтату бойынша бақылау жұмыстары «БАБИ» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жүктелді. Ал Экология департаменті қоршаған ортаға келуі мүмкін зиянды бағалап, экологиялық мониторинг жүргізеді.
Қауіптің алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаментіне жағдайға тұрақты бақылау орнату тапсырылды. Прокуратура мен полиция органдары аталған заңбұзушылықтардың құқықтық жағын зерделеп, заңнаманың орындалуына қадағалауды күшейтетін болады.
Мердігер ұйымға заңбұзушылықтарды жою бойынша нақты мерзімі көрсетілген ресми нұсқама берілді. Атқарылған жұмыс туралы күнделікті есеп Алатау қаласы әкімдігіне жолданатын болады.