Аталған маңызды құжатқа «Атамекен» ҰКП-ның Алматы облысы бойынша өкілі Қуандық Чункунов пен облыс прокуроры Берік Адамов қолы қойылды.
«2020 жылдан бастап еліміздің түкпір-түкпіріндегі прокуратура мамандары кәсіпкерлер палатасымен тығыз қарым-қатынас орнатты. Нәтижесінде бизнестегі проблемалар мен кедергілерді анықтау, сондай-ақ оларды шешу бойынша кешенді шаралар қабылдау жөнінде біршама жұмыстар атқарылды», – деді облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Мақсат Абиров.
Баспасөз қызметінің ресми ақпаратына сүйенсек, меморандум арқылы жоғарыдағы аталған іс-шаралар одан ары жандана түспек.
«Осы уақытқа дейін кәсіпкерлерді қолдау үшін прокуратура мен палатаның жедел желілері іске қосылса, қазір бизнеспен айналысатындар QR код арқылы шағымдана алады. Бұл да облыстағы тың жаңалықтың бірі. Осы секілді тағы да ортақ жобалар бар. Ол туралы кейінірек ақпарат береміз», – деді Мақсат Абиров.
Айта кетейік, биыл 19 қыркүйек күні кәсібі бар адамдардың құқығын қорғайтын мобильді топ жұмыс істейтіні туралы жазғанбыз. Және бұл топ прокуратура мен «Атамекен» ҰКП-ның мамандарынан құралғанын сөз еткенбіз.