Турнир облыстық спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылмақ.
Күрес бәсекесіне орай бүгін Тұздыбастау ауылының Мәдениет үйінде баспасөз брифингі өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «бұқаралық спорт түрлерімен халықтың 30-40 пайызы айналысу керек» деді. Бұл турнир ең бірінші кезекте осы мақсатты көздейді. Алдағы уақытта спорт шеберіне кандидат атағын беретін жарыс ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – деді Талғар ауданының бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Сүйіндік Қасболатов.
Ал ауданның Ұлттық спорт федерациясының президенті Нұрболат Каримовтың айтуынша, Қарақұл Татанұлының атындағы жарыс осымен 4-рет өткізілмек.
«Еркін күрестің ерекшелігі – кілем үстінде кез келген күрес түрінің әдісін қолдануға болады. Мұнда белдескен балуандар ұпай санымен немесе қарсыласының жауырын кілемге тигізіп, таза жеңіске жетеді», – деді Нұрболат Каримов.
Жас спортшылардың қойған сұрақтарына Талғар ауданынан шыққан Азия чемпионатының жүлдегері, І дүркін ҚР чемпионы Дәулет Тәжібай мен ҚР ІІІ дүркін чемпионы Ахмад Мұрат жауап берді. Олар балаларға сәттілік тілеп, еркін күреспен айналысудың қыр-сырымен бөлісті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram