Кездесудің басты тақырыбы – маглев технологиясына негізделген жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесін Алматы мен Қонаев қалалары арасына енгізу жобасы болды.
Рустам Исатаев кездесу ашылуында көлік инфрақұрылымын дамытудың стратегиялық маңыздылығына тоқталып, былай деді:
«Алматы облысы – инвестициялық және инфрақұрылымдық әлеуеті жоғары, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Біз көлік қолжетімділігін арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға басымдық береміз. Маглев технологиясын қолданатын LRT жобасы – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі».
Кореялық компанияның атқарушы директоры Ли Чан Ук маглев технологиясының артықшылықтары мен компанияның Азия нарығындағы сәтті жобалары жайлы бөлісті:
«Біздің тәжірибеміз бен технологиямыз Қазақстан үшін пайдалы болады деп сенеміз. Маглев – бұл болашақтың көлігі, және біз Алматы облысының ауқымды дамуына үлес қосуға дайынбыз».
Рустам Исатаев өз кезегінде Оңтүстік Кореяның Қазақстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі екенін айтып өтті. Қазіргі таңда Алматы облысында корей капиталының қатысуымен 15 кәсіпорын жұмыс істеуде.
Кездесуге облыстық басқарма басшылары мен жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және кәсіпкерлік басқармаларының өкілдері, сондай-ақ «Алматы облысының өңірлік даму орталығы» ЖШС мамандары қатысты.
Тараптар LRT жобасы өңірдің көлік жүйесін жаңа деңгейге шығарып, технологиялық және экономикалық серпін береді деген сенім білдірді. Жоба жүзеге асқан жағдайда жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетін болады.