YTO Express — Қытайдың экспресс жеткізу нарығындағы «үлкен бестікке» кіретін жетекші компаниялардың бірі. Компания халықаралық логистикалық желіні белсенді түрде дамытып келеді. Ол әуе, теңіз және құрлық арқылы жүк тасымалдау қызметін ұсынып, зияткерлік сұрыптау орталықтарын басқарады және логистика саласына арналған IT-шешімдер әзірлейді. Бүгінде YTO әлем бойынша 5100-ден астам филиалға, 133 логистикалық хабқа және 80 000 терминалға иелік етеді.
Кездесу барысында әкім осындай жаһандық операторлармен әріптестіктің стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Әсіресе Алматы облысын «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында көлік-логистикалық хаб ретінде дамыту тұрғысынан бұл ынтымақтастықтың әлеуеті зор екені айтылды. Қазіргі таңда Алматы облысы YTOкомпаниясының жаһандық логистикалық стратегиясындағы басым бағыттардың біріне айналып отыр. Бұл қатарда Дубай, Сидней және Лос-Анджелес сынды ірі қалалар да бар.
Тараптар YTO Express-тің Алматы облысындағы қатысуын кеңейту, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және инновациялық логистикалық шешімдерді дамыту мәселелерін талқылады.
Сапар өңірге жоғары технологиялық инвестиция тарту және халықаралық экономикалық серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.