Қонаев қаласына қарасты Заречный ауылында орналасқан ҚР ҚАЖД-нің ЛА-155/12 түзеу мекемесінде Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының дәрігерлері жазасын өтеп жатқан сотталушыларға медициналық тексеру жүргізді.
Аурухана директоры Айман Ракишеваның айтуынша, жазасын өтеп жатқан жандарды тексеру міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүргізіліп, ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, түрлі асқынуды болдырмаудың бірден-бір іс-шарасы екенін жеткізді.
«Бүгінде біз, дәрігер-терапевт, фтизиатр, хирург, уролог, окулист сынды әріптестерімізбен бірге сотталғандарды медициналық тексеруден өткіздік. Тексеру нәтижесі бойынша олардың бір бөлігі диспансерлік есепте тұрған және алдағы уақытта қажетті емдерін алады деп жоспарлануда», – дейді Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының дәрігер-невропатологы Парахатов Мансұр Марсұлы.
Мамандар 136 кеңес жүргізіп, 24 сотталғанды УЗД өткізіп, 30 азаматты зертханалық зерттеуден өткізу үшін талдаулар алды.
Сотталғандардың құқықтық жағдайына қарамастан медициналық көмекке қолжетімділігі тең.