Іс-шараға спикер ретінде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жанұзақұлы Мамыт қатысты. Сонымен қатар, шарада облысымыздың бірқатар белсенді жастары, қоғамдық бірлестіктердің төрағалары, әр салада жетістікке жеткен жастар, «Жастар рухы» ЖҚ мүшелері бой көрсетті.
Кездесудің негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлықты болдырмау, оған қарсы тұру және оның деңгейін төмендету бойынша тиімді шараларды талқылап, қоғамды ақпараттандыру. Сондай-ақ құқықтық білімді арттыру арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту.
Жиын барысында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді әдістері, жемқорлықпен күрес бағытындағы жаңа заңнамалық өзгерістер туралы айтылды.
Сонымен бірге, спикер жемқорлық мәселесіне қатысты заңның күшейтіліп жатқанын атап өтті.
«Жемқорлықпен күрес біз үшін басты назарда. Бүгінгі кездесудің өзі де, осы мәселелердің алдын алу бойынша тенденция саясатына келеді. Жастар арасында осындай кездесулер ұйымдастырып, пікір алмасу арқылы оларға мемлекеттік қызметшілер арасындағы жемқорлықтың дертін түсіндіру және оны болдырмаудың алдын алу шараларын жүргіземіз», — деді Айдос Жанұзақұлы.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің байланыс нөмірі – 1424.
Әрбір азамат жемқорлыққа қандай да бір ақпарат білетін болса, осы колл орталыққа хабарлай алады. Шағым нақты дәлелденген жағдайда хабарлаушыға 14 млн-ға дейінгі мөлшерде сыйақы беріледі.