Республика бойынша 85 мың 401 оқушы олимпиадаға қатысса, соның ішінде Алматы облысында 8684 бала бақ сынайды. Ауыл мектептерінде оқитын оқушылар арасындағы білім бәсекесі 20-30 қараша аралығында өтеді.
«Алматы облысынан бүгінгі олимпиадаға 389 ауыл мектебі қатысып жатыр. Оқушылар 13 пән бойынша сынақ тапсырады. Тапсырмаларды тестілеу түрінде орындайды. Аталған білім сайысы балалардың көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді. Барша қатысушы жастарға сәттілік», – деп атап өтті Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Елубаева.
Дарындылар додасына ең көп өтініш берген аймақ Іле ауданы. Мұнда олимпиадаға қатысуға 2370 бала өтінім берді. Ал өзге аймақтарға келер болсақ, Балқаш ауданы – 325, Еңбекшіқазақ ауданы – 1202, Жамбыл ауданы – 1007, Іле ауданы – 2370, Кеген ауданы – 339, Қарасай ауданы – 1645, Қонаев қаласы – 139, Райымбек ауданы – 312, Талғар ауданы – 832, Ұйғыр ауданынан 513 оқушы олимпиадаға қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиада үш кезеңнен тұрады. Оқушылар жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыт негізінде сынақ тапсырады.