Бүгінгі таңда аймаққа орыс тілі мен әдебиеті, бастауыш сынып мұғалімі, математика, ағылшын тілі, физика, география, химия пәнін орыс тілінде оқытатын, барлығы 438 мұғалім қажет. 2022 жылдың 13 маусымда Үкімет қабылдаған арнайы бағдарлама бойынша тәжірибелі педагогтардың өңірге көшуін ынталандыру мақсатында жұмыс атқарылып жатыр.
«Конкурс қорытындысы бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру мекемелеріне 26 мұғалім жұмысқа алынды», – делінген басқарма берген мәліметте.
4 қазанда үшінші лек бойынша 44 үміткерден құжаттарды қабылдау аяқталды.
«Арнайы бағдарлама бойынша келген педагогтердің жалақысы 300 мың мен 850 мың теңге аралығында. Бүгінгі таңда бұл педагогтарға жалақы толық көлемде төленді», – деді басқарма.
Мұғалімдердің бекітілген тізімі бойынша деректерді өңдеу үшін «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ-ға жіберілді.
«44 үміткер бейіндік пән бойынша тест тапсырып, эссе жазады», – деді білім басқармасындағылар.
Келген педагогтер ынталандыру шараларының пакетімен қамтамасыз етіледі: лауазымдық жалақының 150% мөлшерінде қосымша ақы төлеу; шақырылған мамандарды білім беру ұйымдары басшыларының, басшы орынбасарларының кадр резервіне қосу, оларды оқытуды ұйымдастыру; екі жылда бір рет «Жылдың үздік жас мұғалімі» конкурсын өткізу (жүлде қоры ретінде 3 айлық тағылымдама көзделеді. Қазақстанның жетекші білім беру ұйымдарында орта білім беру мәселелері жөніндегі халықаралық конференцияларға жолдама).
Арнайы бағдарлама бойынша құжаттарды қабылдау аяқталды.
Еске салайық, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдер жетіспейтін немесе білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтарды тартудың арнайы бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама төрт өңірде — Алматы, Түркістан, Атырау және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Бұл аймақтарға математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері қажет.
Үміткерлер екі кезеңнен тұратын конкурс нәтижесінде таңдалады. Олар компьютерлік тестілеу және эссе жазу, сондай-ақ әңгімелесу сынынан сүрінбей өтуі керек. Тестілеу және эссе жазу үміткердің таңдауы бойынша компьютерлік форматта еліміздің 17 өңірінде НЗМ базасында қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде жүргізіледі.