Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жедел индустрияландыру, өндірістік кластерлерді дамыту және тікелей инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары аясында іске асырылуда.
Ауқымды жоба әлемдегі ең ірі құрылыс корпорацияларының бірі — China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясымен әріптестікте жүзеге асырылып отыр. 177 гектар аумақта 20-дан астам өндіріс орнын орналастыру көзделген. Жалпы инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл — бір мезгілде осыншама қаржы мен кәсіпорынды тартуға қол жеткізген Қазақстандағы бірегей индустриялық аймақ.
Жобаның басты ерекшелігі — ішкі инженерлік инфрақұрылым толығымен инвесторлар есебінен жүргізілсе, сыртқы желілерді тарту облыс әкімдігінің құзырында. Мұндай тәсіл мемлекеттік бюджетті айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді.
CSCEC ресми өкілі Чэнь Сяоюньнің айтуынша, құрылыс мамыр айында басталған. Жоба аясында өндірістік және логистикалық кешендер, саябақтар, дата-орталықтар, әкімшілік ғимараттар мен қонақүйлер бой көтермек. Құрылысты үш жыл ішінде толық аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда іске 20 компания тартылған.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі — Geely автоконцернінің қатысуымен машина жасау кластерін қалыптастыру. Автоқұрауыштар мен тораптар жергілікті деңгейде өндірілмек. Бұл қадам отандық автокөлік өнеркәсібіне жаңа серпін береді.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, «Қайрат» жобасы — Президент айқындаған стратегиялық міндеттермен толық үндес. Бұл платформа жаңа жұмыс орындарын құруға, экспортты арттыруға және тұрақты экономикалық өсімге негіз болмақ.
Бүгінде «Қайрат» индустриялық аймағында бірнеше зауыт табысты жұмыс істеп жатыр:
-
ТехноНИКОЛЬ Орталық Азия – жылу оқшаулағыш материалдар;
-
Safa Industrial – құйма өнімдер;
-
QazMetProduct – метиз бұйымдары;
-
SUNLONG – тау-кен саласына арналған компоненттер;
-
Hong Shun – сұйық шыны өндіру.
Қазіргі таңда жалпы инвестиция көлемі 146,7 млрд теңгеден асып, 3600-ден астам жаңа жұмыс орныашылған.
Индустриялық аймақтың басшысы Ербол Шокаев:
«Қайрат – бұл жай ғана өндіріс алаңы емес, толыққанды индустриялық экожүйе. Біз инвесторларға барлық қажетті қолдауды ұсынып, жобаларды жедел жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасап отырмыз», – дейді.
Бұл бастама жалпы аумағы 1786,7 гектарды құрайтын Алматы облысындағы алты индустриялық аймақты дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, 96,6 мың гектарға жайғасқан «Алатау» арнайы экономикалық аймағын дамыту жұмыстары жалғасуда. Мұнда 3,7 триллион теңге инвестиция тартылып, 34 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.