Спикердің сөзінше, Алматы облысында тұратын халық саны – 1,5 млн. Оның 317 мыңнан астамында медсақтандыру жоқ. Бұл өңір халқының 22%-н құрайды. Десе де, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі негізінде медициналық қызмет түрлерін алуға құқылы.
Сонымен қатар маман Қазақстанда емханаға тіркелу бойынша жыл сайынғы науқан басталатынын айтты. Бұл жұмыстар 15 қарашаға дейін жалғасын табады.
Емханаға тіркелу бірнеше жолмен жүзеге асырылады. Мәселен, тұрғындар электрондық үкіметтің www.e.gov.kz веб-порталы арқылы тіркеле алады, ол үшін ЭЦҚ қажет. Сондай-ақ, халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға жүгіну арқылы тіркеле алады. Ол үшін еркін нысандағы өтініш пен жеке басын куәландыратын құжаты болуы шарт.
«Науқан кезінде медициналық- санитариялық алғашқы көмек ұйымына тіркелген азаматтар 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым Қормен алдағы жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс», – деді Лейла Серікбаева.