Аудандық полиция бөліміне бірқатар тұрғындардан шағым түскен. Жәбірленушілердің айтуынша, 35 жастағы әйел сенімге кіріп, зейнетақы жинақтарын «қолма-қол ақшаға айналдырып беремін» деген желеумен ірі көлемдегі қаражатты иемденіп кеткен. Қазіргі уақытта анықталған жалпы шығын сомасы 1,5 миллион теңгеден асады.
«Қазіргі таңда 40-тан астам алаяқтық дерегі тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Алматы қаласының тұрғыны ұсталды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»,- делінген Полиция департаменті таратқан хабарламада.
Тергеу барысында күдіктінің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Облыстық полиция басқармасы тұрғындарға алаяқтардан сақ болуды ескертеді.
Әсіресе, зейнетақы жинақтарын шешіп беремін, несие рәсімдеуге көмектесемін, немесе салымдарды қайтарамын деп уәде беретін бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады.
«Зейнетақы жинақтарына қатысты барлық рәсімдер тек ресми мемлекеттік қызметтер арқылы жүзеге асырылады. Алаяқтарға алданбаудың ең тиімді жолы – сақтық және күмән тудырған жағдайда дер кезінде полицияға хабарласу», — делінген ескерту мәтінінде.