Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, тергеу барысында дропперлер, олардың жетекшілері мен схеманы басқарған менеджерлерді қоса алғанда, 20-дан астам адамның қатысы бар екені белгілі болды.
«Әр қатысушы 5-тен 7-ге дейінгі банк шоттарын қолданып, әрбір транзакциядан 1-ден 3 пайызға дейін пайда тапқан. Жаңа дропперлерді тарту Telegram арналар арқылы жүзеге асырылған. Жедел іс-шаралар нәтижесінде 8 миллион теңгеден астам қаражаттың қозғалысы тоқтатылды. Сонымен қатар, ай сайынғы айналымы 100 миллион теңгеден асатын криптоәмиян анықталды. Қазіргі уақытта банктерден қаржылық операциялар туралы ақпарат алу үшін санкцияланған сұраулар жіберілді. Анықталған активтерді тәркілеу мәселесі қарастырылуда», – деп хабарлады полиция.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында үш куратор, бір менеджер және үш дроппер үйлестірушісі ұсталды. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Бұл операция заңсыз қаржылық қызметті анықтап, оның жолын кесуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр.