Клиника мамандары бас миының өлімі диагнозы қойылған 46 жастағы ер адамға донорлық процесс ұйымдастырды. Донордың туыстарынан органдарды алуға келісім алынғаннан кейін екі бүйрек, жүрек, өкпе және екі көздің қабығы трансплантацияға пайдалануға алынды.
Бұл маңызды операция Қазақстандағы трансплантология саласының дамуындағы тарихи оқиға болып саналады. Операцияның сәтті өтуі – білікті трансплантолог дәрігерлердің кәсібилігінің айқын дәлелі.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлы донорлықтың маңыздылығын ерекше атап өтті:
«Донор болу – жаңа өмірге мүмкіндік беру. Қазіргі таңда трансплантацияға мұқтаж жандар саны өсіп келеді. Донор болуға шешім қабылдаған адамдар тек өмір сақтап қана қоймай, өзгелерге үміт сыйлайды.»
Бұл оқиға Қазақстанның медицина саласындағы ілгерілеуді көрсетіп, адам өмірін сақтап қалудағы жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты.