Футбол мектебі бір мезетте 1000-ға жуық шәкіртті қабылдай алады. Мұнда 4 пен 18 жас аралығындағы балалар жаттығу жасап, түрлі жарыстарға қатысады, онлайн мектепте білім алып, жатақханада тұрады.
Жобаның негізін қалаушы Асхат Машановтың айтуынша, бұл бастама – Алматы қаласында 2016 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Jeyran» футбол клубының тәжірибесін облыс деңгейіне көшірудің нақты көрінісі. Қазіргі таңда клубта 1800-ден астам бала жаттығуда.
«Құрылысын былтыр бастадық, келесі жылы толық аяқтаймыз. Бұл кешенде балаларға барлық жағдай жасалады», — дейді Асхат Машанов.
Жоба құны – шамамен 1 миллиард теңге. Қаржы директоры Абай Қанатаевтың айтуынша, кешен болашақ кәсіби футболшылармен қатар, білікті жаттықтырушыларды да дайындайтын орталыққа айналмақ. Оқу орны еуропалық стандартқа сай алаңдармен, заманауи инфрақұрылыммен жабдықталады.
«Біздің мақсат – кәсіби футболшыларды даярлау. Бүгінде клубтан үш шәкірт ұлттық құрамаға енді, тағы бірнешеуі кәсіби командаларда ойнап жүр», — дейді ол.
Жалпы аумағы 7 гектарды қамтитын кешенде төрт блоктан тұратын ғимараттар мен жасыл алаңдар, 3 мың орындық көрермен трибунасы салынуда. Құрылыстың 20%-ы бүгінде аяқталған.
Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбектің айтуынша, бұл жоба бұқаралық спортты дамытуға тың серпін береді:
«Бұл – өңір үшін маңызды жаңалық. Балаларды спортқа баулумен қатар, әлеуметтік осал топтағы балаларға да мүмкіндік туып отыр. Жеке және мемлекеттік әріптестік аясында қолдау көрсететін боламыз», — деді ол.
Жоспар бойынша, футбол мектебі келесі жылдың жазында толық іске қосылады. Бұл – Қарасай ауданындағы спортсүйер өрендер үшін зор серпін, ал футболды арман еткен балалар үшін нақты мүмкіндік болмақ.