Болашақ мамандар өндірістік цехтар мен зертханалардың жұмыс барысымен танысып, сапаны бақылау жүйесі, технологиялық үдерістер туралы толық мәлімет алды. Шара студенттердің нақты өндірістік ортада тәжірибе жинауына бағытталған.
Сапар аясында колледждер, кәсіпорын және «Жастар Рухы» ұйымы арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне және үздік түлектердің болашақта осы зауытта жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
«Біздің мақсатымыз – жастардың теориялық біліммен қатар нақты өндірістік ортада тәжірибе жинауына жағдай жасау. Жас мамандарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету – «AMANAT» партиясының басты міндеттерінің бірі», – деді «Жастар Рухы» ұйымының Алматы облыстық филиалының төрағасы Медет Бекбергенов.
«Бағашар Мекен» ЖШС – Қазақстанда антифризді өнеркәсіптік деңгейде өндіретін жалғыз кәсіпорын. Зауыт жылына 25 мың тонна өнім шығара алады. Өнім тек ішкі нарықпен шектелмей, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанға да экспортталады. Мұнда 200-ге жуық адам жұмыс істейді, олардың көпшілігі – жергілікті тұрғындар.
Жыл басынан бері «Жастар Рухының» бастамасымен облыс аумағындағы алты өндірістік нысанға экскурсияұйымдастырылып, 100-ден астам студент қамтылды. Жыл соңына дейін тағы 20 колледжбен меморандумға қол қойылып, 500-ден астам студентке өндірістік тәжірибе мен жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылады деп жоспарлануда.