Бұл күні өңірдің барлық аудан-қалаларында Мемлекеттік Ту бір мезетте көкке көтеріліп, елдік пен бірліктің белгісі ретінде ұлықталды.
Мерекелік шараның негізгі бөлігі Іле ауданының Өтеген батыр кенті мен Қонаев қаласының 5-жағажайында ұйымдастырылды. Таңғы сағат 9:00-де Өтеген батыр ауылында Мемлекеттік Ту тұғырының маңына жиналған жұртшылық Әнұранды бірге шырқап, көк байрақтың көкке көтерілген сәтіне куә болды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналған қауымды құттықтап, Мемлекеттік рәміздердің ел болашағын тәрбиелеудегі маңызын атап өтті:
«Ту көтеру – тек салтанатты рәсім ғана емес, бұл – ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің, ұлттық рухты жаңғыртудың нақты көрінісі. Мемлекеттік рәміздер – әр азаматтың жүрегіндегі отансүйгіштік сезімін оятатын киелі нышан», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік рәміздеріміз – күллі халқымызға қастерлі нышандар» деген сөзіне тоқталып, тәуелсіздіктің құндылығына ерекше мән берді.
Шара аясында концерттік бағдарлама ұсынылып, патриоттық әндер шырқалды.
Қонаев жағажайында — шеру мен су шоуы
Мерекенің екінші кезеңі Қонаев қаласындағы 5-жағажайда жалғасты. Қала көшелерімен өткен «Тұлпар» ретро көліктер шеруі мерекелік атмосфераны айшықтап, жағажай алаңында тізіліп қойылды. Қала әкімінің құттықтау сөзінен соң, сахналық бағдарлама ұсынылды.
Көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген сәт — кәсіби флайбордшы Олеся Колесниченконың су үстіндегі шоуы болды. Ол катерлер мен желкенді қайықтардың арасында әуеге көтеріліп, әсерлі акробатикалық өнер көрсетті.
Рәміз — ұлттың рухы
«Тұғырлы Туым» акциясы – халықтың патриоттық рухын көтеріп, мемлекеттік нышандарға деген құрметті арттыруға бағытталған тағылымды бастама. Бұл күн жас ұрпаққа елдік пен бірлік туралы терең ой салып, рәміздердің маңызын жан-жақты ұғынуға мүмкіндік берді.
«Бір мезетте көкке көтерілген Ту – еліміздің тұтастығы мен халқымыздың жүрегіндегі ортақ мақтаныштың белгісі», — дейді ұйымдастырушылар.