Желіде жарияланған бейнежазбадан ұстаздың балаларға зекіп, ата-аналардың шағымдарына қатысты ашу-ызасын оқушыларға бағыттағаны анық байқалады.
Тағы бір бейнероликте мұғалімнің оқушыларды «ақымақ», «ми жоқ» деген сөздермен балағаттап жатқаны анық естіледі. Бұл видеолар Instagram-дағы taldykorganec_kolesa парақшасында жарияланған. Сондай-ақ, басқа бір үзіндіде әйел адамның бір баланы сыныпқа күшпен кіргізіп, оны да телефонына түсіріп жатқаны көрініс тапқан.
Бұл жағдайға алаңдаған ата-аналар облыстық білім басқармасынан мұғалімнің әрекетін мұқият зерттеп, тиісті шара қабылдауды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, ұстаздың мұндай мінез-құлқы болашақта балалардың психологиялық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Ұйғыр ауданының білім бөлімі оқиғаға қатысты ресми пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, аты аталған мұғалім – Искандерова Эльмира Илакваровна, 36 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар, «педагог-модератор» санатындағы маман. 2024 жылғы 8 сәуірдегі мәліметке сай, оның апталық жүктемесі 15 сағат.
«Видеоға байланысты мектеп-лицейде ішкі тексеріс жүргізіліп, оқушыларға күш қолдану мен тіл тигізу фактілері расталды. Аталған тәртіпсіздік үшін мұғалімге қатаң сөгіс беріліп, 7Е сыныбындағы сабақтары басқа ұстазға тапсырылды. Мектеп әкімшілігі жағдайды бақылауға алып, аудандық білім бөлімімен бірлесіп, педагогпен профилактикалық жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар, бұл оқиға педагогикалық этика кеңесінде қаралуы үшін Алматы облыстық білім саласындағы бақылау департаментіне жолданды», – делінген ресми мәлімдемеде.
Фото: edu.mcfr.kz