ҚМДБ Төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы облысына жасаған жұмыс сапарында «Жүрек жылуы» қайырымдылық шарасына қатысты.
Бас мүфти «Зекет және қайырымдылық» қоры өңір өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен игі шарада көпбалалы, жалғызбасты ана Бибіназ Шамұратоваға 587-ші пәтер кілтін табыс етті.
«Біз «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген аталы сөзді өмірлік ұстанымға айналдырған халықпыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті жұмысында жеті бағытқа басымдық береді. Соның бірі – уақып және қайырымдылық бағыты. Біз қашан да өз мүмкіндіктеріміз аясында азаматтарымызға көмек беруге дайынбыз. Жаңа баспанаңыз құтты болсын. Іші жанға, сырты малға толып, берекелі үйлердің бірі болғай. Әмин!», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жалғызбасты ана Бибіназ Шамұратова баспанаға қол жеткізе алмай келе жатқанына бірнеше жыл болған.
Тағдырдың тауқыметін тартқан ана жомарттық танытқан азаматтарға шексіз алғысын білдірді.
«Бүгін үйлі болып, күтпеген қуанышқа кенеліп отырмын. Игі іс жасап отырған азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ», – деді көпбалалы ана.