Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз жиынында басқарма басшысы жолаушылар тасымалы саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын атап өтті.
⠀
Алмас Батанов алдымен қазіргі ахуалға тоқталып, қала маңындағы бағыттарға қатысты халықтың жиі көтеретін сұрағына түсініктеме берді:
⠀»2016 жылғы 9 желтоқсаннан бастап күшіне енген «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңы мен жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес, қала маңындағы тұрақты маршруттарды ұйымдастыру құзыреті Алматы қаласының Мобильділік басқармасына тиесілі. Яғни, елді мекендерді Алматы қаласымен 50 шақырымға дейінгі радиуста байланыстыратын бағыттар бойынша тасымалдау — қала құзырында. Осыған орай, Мобильділік басқармасы облысқа қарасты елді мекендерге қатынайтын 26 автобус бағытын іске қосты. Бұл 50-ге жуық елді мекенді Алматы қаласымен байланыстыруға мүмкіндік беріп отыр», — деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Батанов қалаға жақын орналасқан тағы 35 елді мекенді автобус қатынасымен қамту қажеттігін айтты.
⠀
Оның сөзінше, басқарма ағымдағы жылдың үшінші тоқсанының соңына дейін жүзеге асыру мерзімімен 10 жаңа қала маңындағы маршрут ашу туралы ұсыныстар жолдаған. Бұл — тұрғындар тарапынан келіп түскен көптеген өтініштерді ескеріп жасалған нақты қадам.
⠀
«Мемлекет басшысы Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында Алматы агломерациясы шеңберіндегі ауылдық елді мекендерді автобус қатынасымен қамтуды тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында биыл 31 қаңтарда облыс әкімдігі муниципалды автобус паркін заңды түрде тіркеді. Оның басты міндеті — қазіргі уақытта маршруттар жоқ әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша тасымалды ұйымдастыру. Қазіргі таңда жаңа маршруттардың сызбалары мен кестелері әзірленіп, автобус аялдамаларының орындары нақтылануда. Алғашқы автобустарды іске қосу осы жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған», — деп түйіндеді Алмас Батанов.
⠀
Айта кетейік, өткен жылдың 11 қарашасынан бастап Алматы мен Қонаев қалалары арасында электр пойызы бағыты қайта жанданып, күн сайын қатынауда. Пойыз Қонаевтан таңғы сағат 06:00-де шығып, Алматыдан кешкі сағат 19:00-де кері аттанады.