«Тамғалы-Тас» шатқалында орналасқан «Жартасты қала – Астана» оқу-жаттығу полигонында ТЖМ-нің ұйытқы болуымен «Қазқұтқару – 2023» кешенді тактикалық оқу-жаттығудың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жарысқа алғаш рет Түркия қатысып отыр. Бұл елден бөлек, оқу-жаттығуда Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан елдерінің командалары бой көрсетпек. Ал байқаушы ретінде Венгрия елінің мамандары шақырылған.
Жарыс «Техногенді апаттар жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары», «Акваториядағы іздестіру-құтқару жұмыстары», «Табиғи орта жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары», «Орташа қиылысқан жерлер бойынша командалық эстафета» және «Белтемірдегі кешенді күштік жаттығу» секілді дистанциялардан өтуді қамтиды.
Шара ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың басшылығымен өтпек.
«Жарыстарда құтқарушылар адам өмірін құтқаруда өз дайындығы мен шеберлігін шыңдайды, тактикалық тәжірибе алмасуды жүзеге асырады. «Қазқұтқару-да» құтқарушылардың алған үлгілері мен дағдылары өткен жылдардағы төтенше жағдайлардағы уақтылы және жедел ден қоюға мүмкіндік берді. Айтып өтетін болсақ, жылда өтетін «Қазқұтқару» жиыны біздің министрліктің жеке құрамдарының, департаменттердің қызметкерлерінің, құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің жұмыстарын жоғары нәтижелі болуына ықпал беріп отыр», – деді министр.
Сонымен қатар шараның салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматы облысының әкімдігі құтқару бөлімшелерінің, оның ішінде «Жартасты қала – Астана» оқу-жаттығу полигонының материалдық – техникалық базасын нығайтуға жан-жақты көмек көрсетуде. Құрметті құтқарушылар, баршаңызға сәттілік тілеймін, ең бастысы жарыстың барлық кезеңдерін жарақатсыз және жазатайым оқиғаларсыз өтуге тілектеспін», – деді өңір басшысы.
Кешенді тактикалық оқу-жаттығулар алдымен құтқару жұмыстарының үлгілік көрсетілімінен басталды.
Айта кетейік, «Жартасты қала – Астана» полигоны көліктің барлық түрлерін және авариялық-құтқару жабдықтарын қолдана отырып, құтқарушыларды даярлауға арналған. Сондай-ақ Қапшағай су қоймасында құтқарушы-сүңгуірлерді дайындауға бейімделген оқу орны бар.