Бүгінге дейін 330 мың гектардан астам жер мониторингтен өткізілді. Оның ішінде 27 мың гектардан астам аумаққа химиялық өңдеу жүргізілді. Бұл жұмыстарға авиациялық техника, дрондар және жерүсті бүріккіштер тартылған.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Шеңгелді ауылдық округіндегі егістік алқаптарда көшпелі жиын өткізіп, мердігер ұйымдармен және сала мамандарымен кездесіп, нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ведомствоаралық үйлесімділікті күшейту, қорғаныс құралдарымен үздіксіз қамтамасыз ету және жаңа ошақтарға жедел әрекет ету міндеттелді.
«Шегірткеге қарсы күрес — агротехникалық шара ғана емес, ауыл шаруашылығының тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Сондықтан әрекетіміз кәсіби әрі үйлесімді болуы тиіс», — деді облыс басшысы.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық бөлім басшысы Дархан Әбілғазиевтің айтуынша, кампания барлық аудандарды қамтып отыр және ауыл шаруашылығы өндірушілерімен тығыз байланыста жүзеге асырылуда.
«Біздің басты мақсатымыз — шегіртке ошақтарын дер кезінде оқшаулап, жою. Бірлескен күш-жігер арқылы фитосанитарлық қауіптерді азайтып, егістік алқаптарды қорғаймыз», — деді ол.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Тоқпеисов 113 мың гектар жер өңдеуге жататынын, оның 63 мың гектары республикалық, қалғаны жергілікті бюджет есебінен қамтылатынын айтты. Қазірге дейін жоспардың 25%-ы орындалған. Кампанияға 200-ден астам маман мен 46 техника жұмылдырылған. Шаруалардан зиян жөнінде шағым түспеген.
Авиациялық жұмыстарды 25 жылдан астам тәжірибесі бар «Aviasila» ЖШС атқаруда. Директор Игорь Сухоруков биыл шегірткелердің ерте шығуына байланысты жұмыс кестесі қайта қаралғанын, өңдеу жұмыстары бекітілген жоспарға сай жүріп жатқанын айтты.
Сонымен қатар, заманауи дрондар да белсенді қолданылуда. «Фитосанитария» РМК АОФ директоры Несіпбай Чингизбаев «EA J100» үлгісіндегі дрондардың күрделі аумақтарды өңдеуге тиімді екенін жеткізді. Әр дрон бір ауысымда 70 гектарға дейін аумақты қамти алады.
Кампания шеңберіндегі алдын алу және залалсыздандыру шаралары жүйелі түрде жалғасып, жоспарланған мерзімде толық аяқталады.