Соңғы күндері Алматы облысында ауа райының құбылмалылығы айқын сезілуде: температураның күрт өзгеруі, күшті желдер мен ауаның қатты құрғауы – осылардың барлығы табиғи өрттердің пайда болуына қолайлы жағдай туғызуда. Әсіресе дала мен орманды алқаптарда өрт қаупі айтарлықтай жоғарылап отыр.
Осыған байланысты Алматы және Жетісу облыстарының әкімдеріне мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет басшылығы 12 ресми хат жолдап, ауылдық округ әкімдері, ТЖД, полиция, теміржол қызметі мен шаруа қожалықтарының қатысуымен бірлескен дөңгелек үстелдер, конференциялар және жедел жиналыстар өткізуді ұсынды. Бұл бастамалар – орман-дала аумақтарындағы өрт қауіпсіздігін күшейту мен жауапты қызметтердің дайындық деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Өрттің алдын алу мақсатында командалық-инструкторлық құрам орман және теміржол маңындағы аумақтарды тұрақты түрде тексеріп отырады. Бұл жұмыстар арнайы локомотивпен жүзеге асырылады, бұл ұзақ теміржол желісін тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Тексеру барысында басты назар өсімдіктердің жай-күйіне, жиналып қалған қоқысқа және өртке қарсы нормалардың сақталуына аударылады. Сонымен қатар, локомотивтердің ұшқын немесе күл шашуы, пойыз ішіндегі темекі шегу және темекі қалдықтарын тастау секілді жағдайлар да мұқият бақыланады.
«Өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін есте ұстау – баршамыздың міндетіміз. Алаудың жанында абай болу, сөндірілмеген сіріңке мен темекі қалдықтарын тастамау – бір ұшқыннан басталатын апаттың алдын алуға көмектеседі», – дейді Алматы облысының мемлекеттік емес өртке қарсы қызметі басшысының орынбасары Нурсалим Мамутов.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және өртпен күреске дайындықты арттыру мақсатында ТЖД-мен бірлесе отырып, өрт-тактикалық оқу-жаттығулар ұйымдастырылуда. Мұндай жаттығуларда жеке құрам әртүрлі өрт жағдайларында әрекет ету дағдыларын пысықтап, қызметтер арасындағы үйлесімділікті және техниканың тиімділігін тексереді.
Мәселен, жуырда Достық станциясында өткен жаттығу барысында өрт сөндірушілер өздерінің кәсіби біліктілігін жоғары деңгейде көрсетті. Мұнда нақты іс-қимыл алгоритмі, өртті сөндіру әдістері және жеке құрамның физикалық, моральдық дайындығы сыннан өткізілді.