Бүгінде өңірдің бес ауданында 24 900 оқушыға арналған 26 жаңа мектептің құрылысы басталды. Бұл — облыстың білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
2024 жылы 11 100 оқушыға арналған 9 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, облыстық білім басқармасының балансына өткізілді. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 53-тен 32-ге дейін қысқарды.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Ниязұлының айтуынша, жаңа білім ошақтары толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мектептерде физика, химия, биология кабинеттері, компьютер сыныптары, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері бар. Сонымен қатар TOUCH/LED экрандар, заманауи компьютерлер мен интерактивті құрылғылар орнатылған.
Оқу процесінің тиімділігін арттыру үшін акт залы, медиатека және электронды кітапханалар жұмыс істейді. Мектептердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жаңа автобус бағыттары іске қосылып, аялдамалар салынған.
Қазіргі таңда бұл мектептерде 10 921 оқушы білім алып жатыр. Сондай-ақ, 812 мұғалім мен 394 техникалық қызметкер жұмысқа орналасқан.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ мәліметінше, 2025 жылдың соңына дейін тағы 17 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
«Жайлы мектеп» жобасы – оқушыларға сапалы білім, ал мұғалімдерге жайлы еңбек жағдайын ұсынуға бағытталған маңызды бастама.