Осы уақытқа дейін тек Қаскелең қаласының ішінде қатынайтын және «Қаскелең – Исаев» бағытында жүретін қоғамдық көліктер өз жұмысын бастаған болатын. Енді осындай қоғамдық көліктердің қатарын «Қаскелең – Жандосов» және «Батан – Алтын орда» арасында жүретін автобустар толықтырды.
«Қаскелең – Жандосов» бағытындағы қоғамдық көліктер аудан орталығынан бастап Жандосов, Қайрат, Шалқар, Бекболат, Қайнар ауылдарына дейін қатынайды.
Алдағы уақытта «Тұрар – Алтын орда» және «Әйтей – Қаскелең» бағыттарында жаңа маршруттар жүретін болады.
Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қанат Шариповтің айтуынша, екі бағытта жүретін автобустардың жалпы саны 10 болғанымен, алдағы уақытта олардың қатарын арттыру жоспарланып отыр.
Жол ақысы – 100 теңге, студенттер мен оқушыларға 50% жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар автобустарда электронды төлем жүйесі орнатылған.