Бұл туралы Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасының Қорғаншылық, қамқоршылық және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Айжан Ізбасар және басқарманың бас маманы Мадияр Шарапов мәлімдеді.
Биыл өңірде 30 балалар лагері жұмыс істейді. Оның ішінде 1 мемлекеттік, 1 республикалық және 28 жекеменшік лагерь бар. Жалпы бұл демалыс орындары 6 мыңнан астам баланы қабылдауға дайын.
Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында облыс әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының бұйрығымен арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді.
Нәтижесінде, биыл өңірдегі 335 мыңнан астам оқушының 92%-ын жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланып отыр.
Әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінеді
Брифингте Айжан Ізбасар атап өткендей, мемлекет пен демеушілердің қолдауымен әлеуметтік осал топтағы балаларға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда:
-
жетім балалар,
-
көпбалалы отбасылардан шыққан балалар,
-
мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін арнайы жолдамалар бөлініп, олардың толыққанды демалысы қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен мыңнан астам балаға лагерлерге жолдама беріледі.
Биыл өңірде «Ұлылар еліне саяхат» жобасы іске қосылды. Оның мақсаты – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, ұлттық сана мен тарихи танымды қалыптастыру.
Жоба аясында:
-
әлеуметтік осал топтағы,
-
көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан,
-
ерекше білім беруді қажет ететін дарынды оқушылар еліміздің ұлы тұлғаларына арналған музейлер мен мемориалдық кешендерге саяхаттайды.
«Сапар барысында балалар тарихи тұлғаларға арналған экспозициялармен танысып, танымдық экскурсияларға қатысады», – деді Мадияр Шарапов.
Балалардың қауіпсіздігі шаралары ерекше бақылауға алынған. Барлық лагерьлерде:
-
өрт қауіпсіздігі,
-
санитарлық-гигиеналық талаптар,
-
құқықтық тәртіпті сақтау бойынша талаптардың сақталуына қатаң бақылау жүргізілуде.
Сонымен қатар, су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, балалар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Спикерлердің айтуынша, жазғы демалыс маусымы балалар үшін тек қызықты ғана емес, қауіпсіз де болуы үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.