Облыс аумағындағы соғыс ардагерлеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хаттар, мерекелік медальдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар, Қонаев қаласынан ардагерлерге демеушілердің көмегімен жаңа пәтер кілттері берілді.
Облыс әкімінің тапсырмасымен тірі бес ардагерге бес миллион теңгеден әлеуметтік көмек ұсынылды. Жеңіс күнінің басты шарасы облыс орталығындағы «Даңқ» мемориалына гүл шоқтарын қоюмен басталды. Мерекелік рәсімге облыс басшылары, мәслихат депутаттары, ардагерлер ұйымы мен түрлі мекемелердің өкілдері қатысты. Ардагерлер шараға арнайы көлікпен жеткізіліп, оркестр сүйемелдеуімен құрметке бөленді.
Мерекеде сөз алған ардагерлер – Солтанбай Жарықбасов пен Алым Кибиров – Жеңістің мән-маңызын атап өтіп, жас ұрпаққа үндеу жасады. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл күн тек естелік емес, болашаққа бағдар екенін атап өтті. Ол ардагер Оксана Бетебаеваға Президенттің құттықтауын, сыйлық және жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Облыс аумағында кітапханалар мен мұражайларда көрмелер, әдеби-танымдық кездесулер, еске алу кештері өтті. Қарасай ауданында халық қаһарманы Сапарғали Тоқпақбаевпен кездесу ұйымдастырылды.
Жеңіс күнін мерекелеу бір күнмен шектелмей, «80 жылға – 80 игі іс» атты еріктілер акциясы бастау алды. Жастар мен оқушылар ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің үйлеріне көмек көрсетіп, патриоттық бағыттағы экскурсиялар өткізуде.
Ал 10 мамырда Талғар ауданында «Ұлы дала жорығы» атты халықаралық марафон өтіп, оған 500-ден астам спортшы қатысты. Нұра ауылында ұлттық бәйге ұйымдастырылып, жүзге жуық шабандоз сынға түсті. Райымбек ауданында соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш ашылып, мерекелік іс-шаралар түйінделді.