Алматы облысының Іле, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында 2025 жылы ашылуы тиіс 10 учаскелік полиция пунктінің құрылысына бюджеттен қаржы бөлінбеген. Бұл туралы мәселе Алматы облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракция жиналысында көтерілді.
Облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Байқұловтың мәлімдеуінше, қаражаттың жоқтығынан аталған аудандарда учаскелік инспекторлар әлі күнге дейін бейімделмеген немесе жалға алынған ғимараттарда жұмыс істеуге мәжбүр.
«Учаскелік инспектор – тұрғындарға ең жақын құқық қорғау өкілі. Халыққа қолжетімді болу үшін әр ауылда тиісті пункт болуы керек. Биыл Еңбекшіқазақта – 3, Іле ауданында – 3, Талғарда – 4 пункт салу жоспарланған еді. Алайда бұл нысандардың ешқайсысына қаржы қаралмаған. Бұл тек полиция жұмысына емес, тұтастай алғанда қоғамдық қауіпсіздікке әсер етеді», – деді Нұржан Байқұлов.
Фракция төрағасы Лаззат Тұрлашов бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, учаскелік пункттердің болуы – тұрғындардың қауіпсіздікке деген сенімін арттырады.
«Бұл – біздің сайлауалды Жол картасында көрсетілген нақты міндеттердің бірі. Учаскелік пункт – жай ғана ғимарат емес, ол – халық пен билік арасындағы тікелей байланыс орны. Сондықтан біз бұл мәселені назардан шығармай, шешім қабылдауды талап етеміз», – деді Лаззат Тұрлашов.
Фракция отырысының қорытындысы бойынша, депутаттар облыстық бюджетке өзгеріс енгізіп, 10 полиция пунктінің құрылысын қаржыландыруды ұсынды. Партия бұл мәселені бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында өткен жылы да қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытында бірқатар нақты шаралар жүзеге асты.
2024 жылы Алматы облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 9100 бейнебақылау камерасы мен 325 интеллектуалды бақылау жүйесі орнату жобасы басталды. Қонаев қаласында су қоймасы маңында қосымша 51 камера іске қосылды.
Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен учаскелік инспекторларға арналған 8, ал патрульдік полицияға 26 қызметтік автокөлік сатып алынып, толық пайдалануға берілді.