Сапар барысында ол негізгі инфрақұрылымдық нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті және АЭС жобасына байланысты ауылды дамыту мәселелерін талқылады.
Сапардың маңызды бөлігі – Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жоспарланған аумақпен танысу болды. Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертаспен бірге өңір басшысы жер телімінің ерекшеліктерін зерттеп, стратегиялық жобаның болашағына тоқталды.
АЭС құрылысы мен кейінгі кезеңдегі инфрақұрылымды қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі индустриалды аймақ құруды тапсырды. Бұл аймақ ілеспе бизнестер мен әлеуметтік нысандарды орналастыруға, сондай-ақ мамандар мен жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Марат Сұлтанғазиев сапар барысында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Су тарту торабының жұмысымен танысқан соң, ол үздіксіз сумен жабдықтаудың маңыздылығын атап өтті. «Жамбыл су» мекемесінің директоры Алмас Кемелбеков жүйені жаңғырту барысы туралы баяндап, бұл жұмыс тұрақты бақылауда екенін жеткізді.
Сондай-ақ жол және су құбыры желілерін жаңғырту мәселесі қозғалды. Облыс әкімі жол сапасын жақсартуды және сумен жабдықтау жүйесін кешенді жаңартуды тапсырды.
Өңір басшысы «Абылхайыр» ЖШС-нің балық өңдеу зауытына да барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Зауыт жылына 770 тоннаға дейін көксерке филе өндіреді. Әкім ауыл шаруашылығын дамыту – өңірдің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
Сапар аясында Марат Сұлтанғазиев ауылдық амбулатория құрылысының барысын тексерді. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мұғамедғарип Құрманғалиев жоба бойынша қазіргі ахуалды баяндады. Бұрынғы балабақша ғимаратын тиімді пайдалану жайы да талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаевқа ауылдағы ғимараттарға кешенді тексеру жүргізіп, қажетті жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды.
Бүгінде Үлкен ауылында 1200 пәтер бар. Соның 600-інде тұрғындар тұрып жатыр, ал 500 пәтер қайта қоныстандыруды қажет етеді. Әкім бұл мәселені мұқият зерттеп, нақты шешім қабылдауды жүктеді.
Сапар барысында жағалау аумақтарын абаттандыру және туризмді дамыту мәселелері де қаралды. Бұл бағытта жүзеге асатын жобалар өңірге инвесторлар тартуға және туристік әлеуетті арттыруға сеп болмақ.
Тұрғындармен кездесу барысында жылу, су, электрмен қамту және абаттандыру мәселелері қозғалды.
«Біз халықтың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, ауылды дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру үшін бар күшімізді саламыз. Сапалы инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар – халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі факторы», – деді облыс әкімі.
Сапар қорытындысында Марат Сұлтанғазиев Үлкен ауылын жан-жақты дамыту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды және барлық өзекті мәселенің өзінің жеке бақылауында болатынын атап өтті.