Меморандум шеңберінде тараптар азаматтық сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың дамуына жаңа серпін беру үшін өзара іс-қимыл туралы уағдаласты. Өз тарапынан Азаматтық альянс ҮЕҰ арасында олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қызметін жандандыру мақсатында, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру шеңберінде іс-шаралар өткізуге дайын екендігін жеткізді.
Форум аясында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері әлеуметтік жобаларды іске асырудың тиімділігін арттыру, мемлекеттік органдармен ынтымақтастық туралы өз ұсыныстарын білдірді. Келесі жылы Алматы облысында ҮЕҰ-мен ынтымақтастықта жасалатын әлеуметтік жобаларды іске асыруға бюджетпен 500 млн теңге қарастырылды.
«Алматы облысының екіге бөлінуіне байланысты, бұдан әрі біз бүгін ҮЕҰ тарапынан айтылған ұсыныстарды ескере отырып, жұмыс жоспарын қалыптастыратын боламыз. Сондай- ақ ҮЕҰ болашақта әріптестігіміздің форматын одан әрі жетілдіру мақсатында бізге өз ұсынымдарын жазбаша түрде жіберуді ұсынды», – деді Алматы облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жақыпов.
Облыс бойынша барлығы 300-ден астам ҮЕҰ тіркелген. Алайда іс жүзінде тұрақты жұмыс істейтіндер әлдеқайда аз.