Бұл сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестікті тереңдетудің және өңіраралық ынтымақтастықты арттырудың маңызды кезеңі болды.
Алматы облысы – Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Делегация сапар барысында өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырып, бірқатар перспективалы бағыттар бойынша ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін ұсынды.
Инин және Хочэн қалаларында өткен таныстырылымдар аясында қытайлық әріптестерге Алматы облысының өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешені, логистика және туризм салаларындағы стратегиялық басымдықтары таныстырылды. Сондай-ақ, шетелдік инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау тетіктері, салықтық жеңілдіктер және инвестициялық жобаларды іске асыруда ашылатын жаңа мүмкіндіктер жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Кездесу барысында қытайлық бизнес өкілдері тұрғын үй және коммерциялық құрылыс салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жоғары қызығушылық танытты. Олар Алматы облысындағы қолайлы іскерлік ахуалды, тұрақты экономикалық өсімді, ашық әрі түсінікті нормативтік ортаны және инвестициялық бастамаларға кешенді қолдау көрсетілетінін ерекше атап өтті.
Сапар аясында туризм саласына да айрықша көңіл бөлінді. Қазақстандық делегация Хочэн аймағындағы туристік инфрақұрылым нысандарымен танысты. Қонақтарға көркем аспалы көпір, абаттандырылған тау соқпақтары және органикалық косметика өндірілетін лаванда алқабы көрсетілді. Бұл тәжірибе Алматы облысында — Қонаев, Жаланаш және Шарын өңірлерінде ұқсас жобаларды жүзеге асыруға шабыт беретінін атап өтті.
Тараптар Қазақстандағы туристік кластерлерді дамытуға қытайлық инвесторларды тарту перспективаларын да талқылады. Осы мақсатта Қытайдың бизнес өкілдерінің Алматы облысына алғашқы танысу сапары биылғы шілде айына жоспарланып отыр.
Аталған кездесу екі елдің іскер топтары үшін тікелей байланыстар орнатуға және басым салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге арналған маңызды алаңға айналды. Бұл — Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді серіктестіктің жаңа көкжиектерін ашатын маңызды қадам.