Оқиға салдарынан бірнеше адам зардап шеккен.
Жол апаты болған жерден түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап үлгерді. Кадрларда қатты зақымданған көліктер анық көрінеді.
Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, үш көлік соқтығысқан жол апаты 5 маусым күні сағат 22:50-де, Алматы – Өскемен тасжолының 47-шақырымында тіркелген.
«Алдын ала деректерге сәйкес, Toyota Camry маркалы көліктің жүргізушісі алда келе жатқан дәл сондай маркалы көлікпен соқтығысқан. Соқтығыстан кейін қос көлік жолдың қоршауына соғылып, кейін Toyota Land Cruiser автокөлігімен қақтығысқан,» – делінген полиция хабарламасында.
Жол апаты салдарынан бірнеше адам түрлі дене жарақатын алған. Зардап шеккендер қатарында жол талғамайтын көліктің жүргізушісі мен екі кәмелетке толмаған жолаушы бар.
«Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін барлық адам үйлеріне жіберілді,» – деп атап өтті ведомство.
Қазіргі уақытта жол апатына қатысты тексеру жүргізіліп, барлық мән-жай анықталуда.