Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, қосымша іріктеуге бағдарламаға негізгі конкурстық іріктеу кезеңінде (18 мамыр – 1 маусым аралығы) өтінім берген, алайда, құжаттары дұрыс толтырылмауына (рәсімделмеуіне) байланысты өтініштері өтпеген адамдар ғана қатысты.
«Өтініштер мен құжаттарды қабылдау қорытындысы бойынша 2135 қатысушы өз өтінімдерін редакциялап, құжаттарын жаңартты. Барлық келіп түскен өтініштер мен құжаттардың бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексерілді және әр сала бойынша ең көп жинаған баллдар саны бойынша тізім қалыптастырылды. Іріктелген қатысушылар, резервке енген және қабылданбаған қатысушылардың тізімі www.almaty-zhastary.kz сайтында орналастырылды. Іріктелген 183 үміткерге сайттағы жеке кабинетке «Отбасы банк» АҚ төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама берілді», – деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ әкімдікте «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша кемінде 1000 несие беру жоспарланғанын, бүгінде бағдарлама аясында 829 адам баспаналы болып, 27-сі баспана іздеп жүргенін хабарлады.