Ресми ақпаратқа сәйкес, Әбдіғапаров «Алтын Орда» базарының басшылық құрамында болған. Қазіргі уақытта оның қандай құқықбұзушылыққа байланысты іздестіріліп жатқаны нақты көрсетілмеген. Іздестіруді ҚР Ішкі істер министрлігі жариялаған, ал істі Алматы облысы Қарасай ауданының полиция басқармасы тергеп жатыр.
2023 жылдың қаңтарында Әбдіғапаров базардың өзге басшыларымен – Жұмадин Патов, Айдос Нұрқалиев және Қанат Жақаевпен бірге алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, іздеуде болған. Сол уақытта базар сатушылары бұрынғы әкімшілікке сауда орындарын сатып алу үшін ірі көлемде қаражат бергендерін, алайда павильон құрылысы аяқталмай, ақшадан да, орнынан да айырылғандарын мәлімдеген еді. Кейін базарға жаңа басшылық тағайындалған.
Еске салайық, Алматы облысының бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев «Алтын Орда» базарында көші-қон заңнамасынан бастап санитарлық нормаларға дейін бұзылмаған заң қалмағанын айтып, бұл нысандағы жағдайға бірнеше рет сын айтқан болатын. Оның айтуынша, базар маңындағы жатақханалардан өзенге лас қалдықтар төгілген.