Терезеден құлау – алты жасқа дейінгі балалар арасында ауыр жарақат алудың ең көп кездесетін себептерінің бірі. Бұл, өкінішке қарай, жыл сайын қайғылы оқиғаларға алып келіп жатады. Осыған байланысты Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналар мен қамқоршыларға үндеу жасап, балалардың өміріне қауіп төндірмейтін қарапайым, бірақ тиімді қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.
Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі жолдары:
Терезе шектегіштері мен құлыптау құрылғыларын орнатыңыз
Терезе шектегіштері терезенің 10 см-ден артық ашылуына жол бермейді – бұл ауа кіргізуге жеткілікті, әрі бала үшін қауіпсіз. Ал құлыптау құрылғылары терезені толық жауып, оны тек ересек адам ғана аша алатындай етеді.
Маскиттік торларға сенім артпаңыз
Маскиттік торлар баланың салмағын көтере алмайды. Оларды сәл итерсе де, опырылып кетуі мүмкін. Терезе қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тек берік орнатылған металл торлар немесе арнайы қорғаныс экрандарын қолдану керек.
Балаларға терезе маңындағы мінез-құлық ережелерін үйретіңіз
Балаларға терезе жанында ойнауға, подоконникке шығуға, рұқсатсыз терезе ашуға болмайтынын түсіндіру керек. Сондай-ақ, терезеге көтерілуге себеп болатын жиһаздарды алыстатқан жөн.
Алдын алу бағытында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіз
Терезе маңына көзге көрінетін ескертулер – түрлі-түсті жапсырмалар, жазбалар орналастырыңыз. Балалар ересектердің қарауынсыз қалған кезде немен айналысып жатқанын міндетті түрде бақылаңыз.
ТЖД мамандарының айтуынша, бұл қайғылы жағдайлардың бәрін алдын алуға болады. Бар болғаны – қарапайым қорғаныс құралдарын орнатып, балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажет.
Фото: pravmir.ru