Ауыл әкімі лауазымына 3 кандидат өзін-өзі ұсынған:
- Дархан Төлеубек – 2020 жылдан бері аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы болып қызмет атқарған;
- Нұрғали Мұсаев – 1982 жылы туған. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап осы күнге дейін «Балқаш аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімі» ММ-нің бас маманы;
- Нұрбол Нарбаев – 1984 жылы туған. 2019 жылдан бастап осы уақытқа дейін Ақдала ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған.
Кандидаттардың барлығы Балқаш ауданының тумасы.

Сағат 21.00-дегі дерекке сәйкес, Нұрбол Нарбаев сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша 86.3 пайыз дауыс жинады.
«Менің әкім ретіндегі міндетім – заңнама аясында және өз өкілеттілігім шегінде ауылды басқару, халықтың мүддесін қорғау», – деді үміткер Нұрбол Нарбаев.
Ал ауылдағы сайлау учаскесінің төрайымы науқанда еш заңбұзушылық тіркелмегенін айтты.
«Ақдаладағы сайлау учаскесінде 1195 сайлаушы тіркелген. Оның 1072-сі науқанға қатысты. Алғаш рет дауыс бергендердің саны – 22. Мұнда 7 комиссия мүшесі болды. Науқан кезінде ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ», – деді 104-сайлау учаскесінің төрайымы Айгүл Қалиева.

Балқаш ауданының тұрғыны Ақынбек Стамбеков болса, сайлаудың әділ өткеніне сенімді екенін жеткізді.
«Халықтың таңдап, сайлаған кандидаты жұртшылықтың мұң-мұқтажын орындайды деп сенеміз. Ұсынылған үміткерлердің барлығы да әкім лауазымына лайықты болды. Сайланған ауыл әкімі халықтың үнін тыңдап, мәселелерін жоғарғы жаққа жеткізуге міндетті. Сайлаудың әділ өтуі – Әділетті Қазақстанның бір белгісі болуы тиіс», – деді Ақынбек Стамбеков.

Ақдаладан бөлек, ауданда 3 ауылдың әкімін сайлау өтіп, алдын ала қорытындысы шықты:
- Қарой ауылы – 1115 сайлаушының 84.9%-ы Әділғали Болатовқа дауыс берді;
- Көктал ауылы – Айбар Өгізбаев 89% дауыс жинады;
- Ақкөл ауылы – 93.7% халық Бекзат Орынбаевқа дауыс берді.
