Ауыл әкімдігінің алдына жиналған наразы топтың айтуынша, елді мекеннің аумағында 4 түзету мекемесі бар. ҚР заңына сай түрмелерде желіні бұғаттайтын арнайы құрылғы орнатылады. Кесірі қарапайым халыққа тиеді.
«18 қарашада жоғалып кеткен ұялы байланыс 23 қараша түстен кейін іске қосылды. Іле ауданының әкімі біз жолды жабамыз деп шулатқан соң келді. «Бұл проблеманы естіген жоқпын» дейді. Қалай естімейді? Біз айтып та, жазып та жатырмыз. Мен өзім Заречный ауылына қарама-қарсы саяжай кооперативінің тұрғынымын. Міне, сол жерде байланыс болмағанның әсерінен аяғы ауыр келіншек жедел жәрдем шақыра алмай, көршісінің үйіне еңбектеп барып, сол жерде босанған. SOS-те істемеген, 112-ге де хабарласа алмаған. Ашуымызға осы әйелдің басынан өткен оқиға тиіп кетті», – дейді тұрғын.
Саяжай тұрғындарының ақпаратына қарағанда, байланыс болған күннің өзінде бұл жерге не учаскелік полицей, не жедел жәрдем келмейді. Ал саяжайдың өзі құжат бойынша 24 шақырым жердегі Жетіген ауылдық округінің құрамында. Сәйкесінше, бұл жерді мекен ететін 10 мың тұрғын Жетігендегі ауруханаға тіркелген.
«Жолдың арғы бетіндегі Заречныйға қарасты саяжай етіп, болмаса, ауыл мәртебесін берсе дейміз. Тіпті, екі жердің ортасын жалғайтын жолдың өзін неше күннен бері су алып жатыр. Жер асты жолы дұрыс салынбаған», – деді Ермек есімді жігіт.
Ал Заречный ауылы тұрғындарының тілегі бір – ауыл әкімдігі ұялы байланыс жағын реттеп беруі керек.
«XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Темір торда желі бұғатталса, біздің не кінәміз бар? Қазір мен қашықтықтан білім алып жүрмін, ғаламтор жоқ, ZOOM платформасындағы жиналысқа қатыса алмаймын. Және денсаулығыма байланысты үнемі дәрігермен байланыста болуым керек. Әзірше, бұл мүмкін емес болып тұр», – деді Елена Созинова.
Заречный ауылдық округінің әкімі Қайрат Омаровтың айтуынша, жұма күні байланыс үзілгелі бері қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мамандарымен хабарласып, аталған мәселенің шешімін табуға тырысқан.
«Өз қалтамнан ақша шығарып, арнайы мамандарды шақырттым. Бүгін түстен кейін бәрі қалыпқа түсті. Мердігер компания өкілдері жақында ғана №99 түзету мекемесіне заманауи желіні бұғаттаушы құрылғыны қойды. Нәтижесі – осы. Сейсенбі күні барлық операторларға ресми хат жолдап, тұрғындар зардап шеккені үшін өтемақы төлеулерін талап етеміз. Енді мұндай жағдай қайталанбайды деген үміттемін. Алдағы уақытта қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен де кездесулер ұйымдастырамыз», – деді ауыл әкімі.
Ал Жетіген ауылдық округі әкімі Нұрлан Әбілев болса саяжай мәселесін жауапты мамандармен бірлесе отырып талқылап, шешімін тауып беруге уәде етті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram