Брифингте Алматы облысында Еуропалық иммундау апталығы аясында түрлі ауруларға қарсы екпе салдыру маңызы жайлы талқыланды.
«Алматы облысында 2023 жылғы 23-29 сәуір аралығында Еуропалық иммундау апталығы (әрі қарай – ЕИА) өткізу жоспарланып отыр. Бұл шара адамдарды кез келген жаста аурудан қорғау үшін вакцина қолдануды насихаттауға бағытталған. Иммундау жыл сайын миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді және әлемдегі ең табысты және үнемді денсаулық сақтау шараларының бірі ретінде кеңінен танылған. Дегенмен, бүгінде әлемде 20 миллионға жуық бала мүлдем вакцинацияланбаған немесе вакцинациямен жеткіліксіз қамтылған», – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Сәулет Капсаламова.
Спикер Алматы облысында биыл 86 баланың ата-анасы сәбиіне екпе егуден бас тартқанын да атап өтті.
«Адамдар көбіне жалған ақпаратқа сенгіш келеді. Бірақ, екпенің маңыздылығын барынша түсіндіруіміз қажет. Сонымен қатар екпеге қарсы насихат жүргізіп жүрген адамдардың ғылыми негіздемесі жоқ екенін атап өткім келеді. Мысалы, коронавирусқа қарсы «Спутник» вакцинасы бедеулікке әкеледі деген ақпарат тарады. Шын мәнінде екпе алғандар керісінше, аз уақыт ішінде жүкті болып, ана атанды. Ал әрбір мекемеде екпеден бас тартқандармен жұмыс істейтін консалтингтік орталықтар бар. Олар тұрғындардың кез келген сұрақтарына жауап береді», – деді маман.
Сәулет Капсаламованың сөзінше, қазіргі таңда елімізде вакцина жүргізуге байланысты халық арасында таралмаған аурулар қауіп төндірмейтіндей көрінеді. Бірақ сал ауруына, тіпті, өлімге әкелетін қауіпті дерттер бар екенін ұмытпағанымыз абзал. Атап айтқанда, шешек ауруы өткен ғасырға дейінен кеңінен таралған. Бұл аурудың нақты емдеу жолы жоқ әрі көбіне салдары өлімге әкеледі. 1970 жылдардың аяғында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен бүкіл әлемде шешекке қарсы егу нәтижесінде оны жоюға қол жеткізілді.
«Қазіргі уақытта еуропалық өңірде, оның ішінде Қазақстанда вакцинациялаудың арқасында полиомиелитпен сырқаттанушылық жойылды. 1998 жылы В вирустық гепатитіне, 2005 жылы қызамыққа, 2008 жылы В типті гемофильді инфекцияға (хиб) қарсы вакцинация енгізілді, 2014 жылдан бастап пневмококк инфекциясына қарсы 1 жасқа дейінгі балаларға вакцинация жүргізіліп жатыр. Осы тізімдегі қызамыққа тоқталсақ, егер әйел адам жүктілігінің 1-триместрінде аталған дертке шалдықса, 70 пайыз жағдайда түсік тастайды. Ал түсік тастамаса, баласы я соқыр, керең, мидың ауытқушылығымен дүниеге келді. Сондықтан сәби кезінде қызамыққа қарсы екпе алмаған әйелдер болса, дәрігерлер кеңесіне жүгінгені жөн», – деді спикер.
Сонымен қатар ол аурулардың тізбесіне сәйкес, профилактикалық егулер 20 жұқпалы ауруға қарсы, оның ішінде республикалық бюджет есебінен 16 және жергілікті бюджет есебінен 4 жұқпалы ауруға қарсы егу жүргізілетінін айтты.
«Қазақстанда вакцинация әр адамға қолжетімді. 2013 жылы ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне өзгерістер енгізілді және біріктірілген вакциналар (5 және 6 компонентті) енгізілді, бұл ауырсыну синдромын және инъекция санын азайтуға, сондай-ақ вакцинациядан кейінгі реакциялардың пайда болу қаупін азайтуға мүмкіндік береді, 2021 жылы екпе күнтізбесіне коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация енгізілді», – деді Сәулет Капсаламова.
Мамандар дәрігерлердің ресми ақпаратына сүйеніп, екпе алып тұруға шақырады.
Айта кетейік, облыста профилактикалық егулермен қамту 95% құрап отыр.