Ұлттық паркте Sharyn визит-орталығы ашылды. Ол келушілерді заманауи сервиспен қамтамасыз етеді. Енді туристер шатқалды бұрынғыдай жаяу емес, гольф-кармен аралай алады. Табиғатты электромобильмен тамашалау кәсіби нұсқаушылардың сүйемелдеуімен жүзеге асады.
Сонымен қатар, парк инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жолға қойылды. 2023 жылы Шарын шатқалындағы бақылау өткізу пункті (БӨП) толық автоматтандырылды. Одан бөлек, 8 бейнебақылау камерасы және автокөлік нөмірлерін анықтайтын 2 камера орнатылды. Қазіргі уақытта, көліктер шатқалға автоматты шлагбаум арқылы кіріп-шығады. Ал төлем жасау үшін KASPI QR жүйесі енгізілді.
Экологиялық мәдениетті арттыру және «таза туризм» қағидасын қалыптастыру мақсатында «Жасыл даму» АҚ-мен бірлескен пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл табиғатты қорғау бағытындағы маңызды жобалардың бірі. Осы жоба аясында парк аумағында қоқысты сұрыптап жинау жүйесі енгізілді. Арнайы қоқыс жәшіктері, контейнерлер және фандомат құрылғысы қойылды. Ал жиналған қалдықтар қайта өңдеуге жіберіледі. Сондай-ақ, туристерге биоыдырағыш қапшықтар таратылып, экологиялық ақпараттық тақталар орнатылды.
Бүгінде Ұлттық парк аумағында жыл бойы жұмыс істейтін төрт туристік бағыт бар. Келушілерге ыңғайлы болуы үшін арнайы демалыс орындары, керуен алаңдары, ақпараттық стеллалар мен гроттар орнатылған. Бұл бастамалардың барлығы экотуризмді дамытуға және табиғатымызды сақтауға бағытталған үлкен қадам болып отыр.