Аталған бастама аясында еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ қоғамдағы мәртебесін арттыру бағытында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда.
Осы игі істің жалғасы ретінде Еңбекшіқазақ ауданында Жастар ресурстық орталығының бастамасымен және аудан әкімдігінің қолдауымен Есік қаласында «Жұмысшы мамандықтар аллеясы» ашылды.
Ашылу салтанатына ауданның белсенді жастары, еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Шара аясында Есік кәсіптік-техникалық колледжінің студенттері мен еріктілері бірігіп, ағаш көшеттерін отырғызып, аллея аумағында тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Бұл бастама жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, еңбекке деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жариялаған “Таза Қазақстан” экологиялық бағдарламасының мақсаттарымен үндесе отырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да бағытталған.
«Жұмысшы мамандықтар аллеясы» – еңбек адамына деген шынайы ілтипаттың белгісі, әрі жас ұрпақты еңбексүйгіштікке баулудың өнегелі үлгісі.
Алдағы уақытта да Еңбекшіқазақ ауданында еңбек адамын қолдау мен олардың қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады.