Қалалық әкімдіктің ТҮКШ бөлімінің мәліметінше, былтыр «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 10 жоба жүзеге асты. Оның қатарында «Гүлдер» балабақшасының, Ш. Уәлиханов атындағы №2 мектеп-гимназияның, «Салтанат» сауда үйінің жанындағы аллеяларды абаттандыру, Восточный, Ивушка, Арна шағынаудандарына балалар алаңын орнату, 7-ші саяжайға көше жарығын тарту секілді жобалар болды.
«Биыл да бұл бағдарлама жалғасын табады. 20 жоба жүзеге асады деп жоспарлануда. Оған бюджеттен 613 млн. теңге қарастырылған. «Халық қатысатын бюджет» – қаланы абаттандыруға, қолайлы етуге арналған бірегей жоба. Қазіргі таңда тұрғындардан өтінім қабылданып жатыр», – деді ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев.
Жалпы Қонаев қаласын абаттандыруға аса көңіл бөлінуде. Мысалы, биыл 32 тұрғын үйдің шатыры мен қасбеттері жөнделеді. Сондай-ақ бірнеше көше жарықтандырылады.