Қонаев қаласының Мәдениет үйінде Алматы облысының әкімін тағайындауға келісім беру бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының отырысы өтті. Отырыста ұйымдастыру жұмыстары қаралып, есеп комиссиясы бекітілді. Жиында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева облыс әкіміне кандидаттарды таныстырды, деп хабарлайды Alataunews.kz ақпарат агенттігі 7-su.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәслихат жиынында Марат Сұлтанғазиевтен бөлек Арслан Дандыбаевтың кандидатурасы ұсынылды. Жергілікті депутаттар екі кандидаттың жобаларын тыңдап, одан кейін ашық дауыс беруге көшті. Нәтижесінде, 194 депутаттың 152-сі Марат Сұлтанғазиевке, қалған 42-сі Арслан Дандыбаевқа дауыс берді.
Мәслихат алдында сөз сөйлеген Аида Балаева әкім жұмысы халықтың өмір сүру сапасын арттырумен байланысты екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы жуырда Алматы облысына жасаған сапарында нақты міндеттер қойды. Бұл міндеттерді орындау үшін ұйымшылдық пен бірлік қажет», – деді Аида Балаева.
Жиында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Мемлекет басшысына сенім білдіргені үшін алғыс айтты.
«Бүгінгі таңда облысымыз қарқынды дамып келеді, оған экономиканың барлық салаларындағы оң көрсеткіш дәлел. Алматы облысы инвесторлар үшін өте тиімді аймақ. Мәселен, инвесторлар бюджеттік емес қаражат есебінен жақын арада 108 көпқабатты тұрғын үй салуды көздеп отыр. Мемлекет басшысы алдымызға қойған міндеттердің барлығы орындалады. Ол үшін бар күш-жігеріміз бен тәжірибемізді жұмсайтын боламыз. Бұл бағытта кәсіпкерлікті қолдаудың орны айрықша. Бұл біздің жұмыстың жеке векторы саналады. Біздің жұмысымыз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына негізделіп, халықтың талап-тілегін ескере отырып атқарылады», – деді Марат Елеусізұлы.