Демалыс аймағына жақын орналасқан жабайы жағажайдан кәмелетке толмаған баланың жансыз денесі табылды.
Алдын ала болжам бойынша, бала бархан үстімен өтіп бара жатқанда, төменде орналасқан электр беру желісінен тоқ соғуы мүмкін.
Аталған оқиға бойынша Қонаев қалалық полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабы 3-бөлігі (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету) бойынша қылмыстық іс қозғады. Тексеру барысында электр желісі орналасқан аумақтың жекеменшікке тиесілі екені анықталды. Оқиғадан кейін жауапты мекеме өкілдері электр тіректерін демалыс аймағынан қауіпсіз қашықтыққа көшірді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал жергілікті атқарушы органдар мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық шараларды қолға алды.
Облыс әкімдігі тұрғындарды демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, рұқсат етілмеген әрі қауіп төндіруі мүмкін аумақтардан аулақ болуға және балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады.