Қазақстан мен Қытай арасында жаяу туристік жол ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы облысы Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев журналистерге арналған баспасөз туры барысында хабарлады.
Аталған аудан – шекаралық аудандар тобына жатады: Қытаймен шекарасы 240 шақырымға созылып жатса, Қырғызстанмен 40 шақырымдық ортақ шекараға ие.
«Райымбек ауданының туристік әлеуеті зор. Тау, су, жайлау – бәрі бар. Біз негізінен эко және этнотуризмге көңіл бөлеміз. Аудан Қазақстан мен облыс орталығынан шалғай болғандықтан, оның үстіне жол сапасы нашар болғандықтан, мұнда туристердің келуі сирек. Дегенмен, Қытай таяқ тастам жерде және бұл бағытта біз туризмді дамытудың зор әлеуетін көріп отырмыз», – деді аудан әкімі.
Берік Дүйсенбаевтың айтуынша, аудан тұсындағы шекарадан бар болғаны 30 шақырым жерде Қытай этнотуризмді жақсы жолға қойған. Онда күнделікті ішкі Қытайдан және Азияның өзге елдерінен 35-40 мың турист келеді.
«Солардың тіпті 10 пайызын ғана елімізге келуге тарта алсақ, бұл ауданымыздың тек туризм саласында ғана емес, экономикалық дамуына үлкен пайдасын тигізеді. Әрине, ол үшін шекарадан өтетін жол ашу жеткіліксіз. Туристік инфрақұрылымды жақсартуға міндеттіміз. Осы орайда туризмді дамыту бойынша жеті бағытты белгілеп алдық. Оның қатарында жаңа демалыс орындарын ашу, қонақүйлер салу, жолды жақсарту және өзге де шаралар бар. Қазірдің өзінде туристік маусым кезінде ауданда 200-ден астам киіз үй тігіледі. Жалпы, ауданның негізгі саласы – ауыл шаруашылығы болса, екінші кезекте осы туризмді дамытуға күш салып отырмыз», – деді Райымбек ауданының әкімі.