Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан атом энергетикасына қатысатын вендорларды ұлттық мүддені ескере отырып іріктейді. Осы орайда, министрлік атом электр станцияларын салу технологияларын ұсынатын потенциалды жеткізушілермен бәсекелестік диалогты аяқтағанын хабарлады.
АЭС құрылысына қатыса алатын компаниялар
Қысқа тізімге төрт ірі халықаралық компания енді:
- «Росатом» мемлекеттік корпорациясы (Ресей)
- KHNP (Оңтүстік Корея)
- CNNC (Қытай)
- EDF (Франция)
Осы компаниялар Қазақстанда атом электр станциясын салу технологияларын ұсынуға лайықты деп танылды.
Қорытынды шешім 2025 жылы қабылданады
21 қаңтарда энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Ресейге жұмыс сапарымен барып, тендерге қатысушы компаниялардың ұсыныстарын бағалау бойынша келіссөздердің соңғы кезеңін өткізді. Бұған дейін 2024 жылдың қазан-желтоқсан айларында осындай сапарлар Корея, Франция және Қытайға ұйымдастырылған болатын.
Министрлік таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, АЭС жобасын жүзеге асыру үшін жеткізушіні немесе консорциумды таңдау туралы соңғы шешім әлі қабылданған жоқ. Бұл мәселе 2025 жылы Қазақстанның ұлттық мүдделерін, халықаралық нормалар мен міндеттемелерді ескере отырып қарастырылмақ.